Абай облысында полицейлер мал ұрлығының бетін ашты
Абай облысында полицейлер мал ұрлығының бетін ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аягөз ауданының 24 жастағы тұрғыны полицияға еркін жайылымнан үш бас жылқысын ұрлап кеткені туралы арызданған. Келтірілген материалдық шығын көлемі 1 200 000 теңгені құрады.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жасалған ұрлыққа қатысы бар 47 жастағы жергілікті тұрғынды анықтады. Тергеу барысында күдіктіден заттай дәлелдемелер тәркіленіп, ол өз іс-әрекетін мойындады. Қазіргі уақытта мал ұрлығы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдіктіге келуге міндеттеме тағайындалды.
Полиция атқарылып жатқан жұмыстардың басым бағыттарының бірі – мал ұрлығы фактілерімен күрес екенін ескертеді. Мұндай барлық құқық бұзушылықтар қатаң бақылауда. Сондай-ақ полиция қызметкерлері мал иелерінің де өз тарапынан жануарларға барынша қадағалау орнатып, олардың жоғалу қаупін азайту маңызды екенін еске салады.
