Абай облысында полицейлер мектеп оқушыларымен кездесті
Абай облысында полицейлер кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Құқық қорғау органдары жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға және олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған белсенді профилактикалық жұмыстарын жалғастыруда. Осы бастама аясында Абай облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұрлыбек Ақшолақов және Орталық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің аға инспекторы Бисұлу Қорабаева Семей қаласындағы №45 мектеп оқушыларымен кездесу өткізді.
Әңгіме барысында жасөспірімдер қылмысы, буллинг, бопсалау және басқа да құқыққа қайшы әрекеттер сияқты өзекті мәселелерге ерекше назар аударылды. Полицейлер оқушыларға қылмыс немесе құқық бұзушылық жасаған жағдайда заңнамада қарастырылған әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік шараларын түсіндіріп, қоғамдағы тәртіп нормаларын сақтаудың маңыздылығын еске салды.
Кездесудің басты тақырыптарының бірі – киберқауіпсіздік мәселесі болды. Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы мен әлеуметтік желілердің кеңінен қолданылуы жасөспірімдерді интернет-алаяқтардың құрбанына айналдыруда. Полицейлер фишинг, аккаунттарды бұзу, қаржылық алаяқтық және бопсалау сияқты кең таралған онлайн қылмыс схемалары туралы айтып, жеке деректерді қорғау мен интернетте қауіпсіз әрекет ету бойынша практикалық кеңестер берді.
Осындай профилактикалық іс-шаралар Абай облысының білім беру мекемелерінде тұрақты түрде өткізіледі. Негізгі мақсат – өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, өз іс-әрекеттері үшін жауапкершілік сезімін арттыру және заң талаптарын сақтаудың маңыздылығын түсіндіру. Жастармен жүргізілетін алдын алу жұмыстары кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс деңгейін төмендетуге және қауіпсіз әлеуметтік ортаны қалыптастыруға ықпал етеді.