Абай облысында полицейлер оқушылармен бірге буллингке қарсы челлендж ұйымдастырды
Абай облысында полицейлер оқушылармен бірге буллингке қарсы челлендж ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Үржар ауданының полиция қызметкерлері күн сайын мектеп оқушыларымен профилактикалық кездесулер өткізіп, зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алу шараларын күшейтуде.
Осындай жұмыстардың бірі мектеп жанындағы интернаты бар Мешітбай Хасенов атындағы Бестерек орта мектеп-бақшасында өтті. Полиция аға лейтенанты Нұрланған Мамиева оқушылармен бірге “Буллингке жол жоқ!” атты ерекше челлендж ұйымдастырды.
Шараның басты мақсаты — балалардың қауіпсіз ортада өсіп-жетілуін қамтамасыз ету, олардың бір-біріне мейірімді болуға, жанашырлық танытуға баулу. Оқушылар ойын түріндегі жаттығулар мен мотивациялық тапсырмалар арқылы бірлік пен достықтың маңыздылығын терең түсінді.
Нұрланған Оралқызының айтуынша, мұндай шаралар мектеп оқушылары арасында тек құқықтық мәдениетті ғана емес, сонымен қатар өзара сыйластық пен мейірімділікті арттыруға септігін тигізеді.
– Біз балалардың зорлық-зомбылықсыз, ашық әрі қауіпсіз ортада тәрбиеленуін қалаймыз. Осындай челендждер олардың бойында дұрыс құндылықтарды қалыптастыруға көмектеседі, — дейді полиция инспекторы.
Профилактикалық шаралар Үржар ауданында тұрақты түрде жалғасатын болады. Бұл бастамалар жас ұрпақтың қауіпсіз әрі саналы азамат болып өсуіне өз ықпалын тигізбек.