Абай облысында полицейлер сотталғандармен киберқауіпсіздік бойынша дәріс өтті
Абай облысында полицейлер сотталғандармен киберқауіпсіздік бойынша дәріс өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы полиция департаментінің киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеп жатқан азаматтармен ақпараттық-түсіндіру дәрісін өткізді.
Іс-шараның басты мақсаты – сотталғандардың цифрлық сауаттылығын арттыру, оларды интернет кеңістігінде жиі кездесетін құқықбұзушылықтардан сақтандыру және заманауи технологияларды пайдалана отырып жасалатын алаяқтық әрекеттердің алдын алу.
Полицейлер дәріс барысында киберқылмыстардың кең тараған түрлеріне тоқталып, әлеуметтік инженерия әдістері, жалған аккаунттар, интернет-алаяқтық, сондай-ақ цифрлық ортада жасалған құқыққа қарсы әрекеттер үшін көзделген жауапкершілік туралы кеңінен түсіндірді.
Сондай-ақ жеке деректердің қауіпсіздігін сақтау, мобильді құрылғылар мен мессенджерлерді қауіпсіз пайдалану жолдарына ерекше назар аударылды.
Аталған шара – сотталғандарды түзеу және қоғамға қайта бейімдеу мақсатында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Мұндай дәрістер олардың заңға бағынатын азамат ретінде жаңа өмірге аяқ басуына ықпал етпек.