Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында полицейлер студенттерге киберқылмыстың алдын алу шараларын түсіндірді

Абай облысында полицейлер студенттерге киберқылмыстың алдын алу шараларын түсіндірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Семей қаласының полиция басқармасына қарасты орталық полиция бөлімінің бастығы Жәнібек Десюпов "Қайнар" жоғары колледжінің 1-2 курс студенттерімен кездесіп, маңызды профилактикалық дәріс өткізді.

Кездесу барысында  интернет алаяқтықтың жаңа тәсілдері туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп, жеке қаржылық қауіпсіздікті сақтау жолдарына ерекше назар аударды. Әсіресе жеңіл табыс табу мақсатында әлеуметтік желі арқылы банктік карталарын үшінші тұлғаларға беру деректерінің жиілеп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Мұндай жағдайда карта иелері алаяқтық схемалардың қатысушыларына айналып, өздері де қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Мысалы карта шоттарына миллиондаған қаржы аударылғанымен, оның нақты қайдан және қандай мақсатта түскенін түсінбеген карта иелері үлкен қиындықтарға тап болуда. Жәнібек Десюповтың айтуынша, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 953-бабына сәйкес, шотқа заңсыз түскен қаржыны карта иелері кері қайтаруға міндетті. Мұндай жағдайлар қаржылық мәселелерге ғана емес, моральдық және құқықтық қиындықтарға да әкелетіні сөзсіз.

Профилактикалық дәрістің негізгі мақсаты – жастар арасында киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және интернеттегі әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауға баулу.

Полиция қызметкерлері барша азаматтарды қырағылық танытып, банктік карта мен жеке деректерді бейтаныс адамдарға бермеуге шақырады. Себебі бұл тек заң бұзушылық емес, сонымен бірге сіздің қаржылық болашағыңызға төнген үлкен қауіп. Қырағы болыңыз және интернеттегі күмәнді ұсыныстарға сенбеңіз!

https://youtube.com/shorts/osqxgojj9F4?si=OkiOiD1KYWLThPGy

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру