Абай облысында полицейлер жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне бақылауды күшейтті
Абай облысында полицейлер жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне бақылауды күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында полиция қызметкерлері жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бақылауды күшейтті. 2025 жылдың басынан бері өңірде жаяу жүргіншілерге жол бермеген 2323 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Мұндай құқық бұзушылықтар жол-көлік оқиғаларының басты себептерінің бірі болып, ең осал жол қозғалысына қатысушылар – жаяу жүргіншілердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.
Сонымен қатар жол қозғалысы ережелерін бұзған 3960 жаяу жүргінші мен өзге де қатысушылар анықталып, оларға да тиісті әкімшілік шаралар қолданылған. Ең жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың қатарында – жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өту және бағдаршамның тыйым салынған сигналына бағынбау бар.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек патрульдік полицияның жұмысына ғана емес, заманауи технологиялардың қолданылуына да негізделеді. Көптеген құқық бұзушылықтар Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы тіркеліп, бұл жағдайлар дер кезінде анықталып, тиісті шаралар қабылданады.
Профилактикалық жұмыстар аясында полицейлер тұрақты түрде рейдтер, түсіндіру әңгімелері мен акциялар өткізіп, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастыру бағытында жұмыс жүргізуде. Әсіресе балалар мен жасөспірімдерге жол қозғалысы ережелерін үйретуге баса мән беріледі.
Абай облысы полиция департаменті барлық жол қозғалысына қатысушыларды мұқият болуға, жол жүру ережелерін қатаң сақтауға және жолдағы қауіпсіздік – әрбір адамның ортақ жауапкершілігі екенін ұмытпауға шақырады.
						