Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында полицейлер жазғы лагерьлерде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде

Абай облысында полицейлер жазғы лагерьлерде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Жазғы демалыс кезеңінде Абай облысында полицейлер кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды профилактикалық іс-шараларды белсенді түрде жүзеге асыруда.

Бүгінгі күнге дейін тәртіп сақшылары өңірдегі 50-ге жуық жазғы сауықтыру лагерін аралап, балалармен және тәрбиешілермен кездесулер өткізді. Кездесулер барысында полиция қызметкерлері құқықтық сауаттылық негіздерін түсіндіріп, су айдындары мен жол бойындағы қауіпсіздік ережелерін, сондай-ақ интернеттегі және күнделікті өмірдегі қауіпсіз мінез-құлық қағидаларын түсіндірді.

Мұндай іс-шаралардың басты мақсаты – балаларды түрлі қауіп-қатерлерден қорғау, құқықбұзушылықтың алдын алу және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.

— Балалар – біздің болашағымыз. Олардың қауіпсіздігіне немқұрайлы қарауға ешкімнің құқығы жоқ. Біз лагерь қызметкерлеріне төтенше жағдайларда әрекет ету тәртібін түсіндіріп, қажетті нұсқаулықтар ұсындық. Мұндай кездесулер балалардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді, — Абай облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Садакбаев.

Сабақтар интерактивті форматта – сұрақ-жауап сессиялары, рөлдік ойындар және пікірталастар түрінде өтті. Балаларға көшеде өзін-өзі ұстау, бейтаныс адамдармен байланыс орнату, жолда жүру ережелері мен интернеттегі қауіптер жөнінде кеңестер берілді. Қатысушыларға қауіпсіздік бойынша арнайы жадынамалар мен кітапшалар таратылды.

Лагерь басшылығы мен тәрбиешілер полиция бастамасын оң бағалап, бұл бағыттағы бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін жеткізді.

Профилактикалық жұмыс жаз бойы жалғасып, барлық балалар лагерьлері мен демалыс орындарын қамтитын болады. Сонымен қатар полицейлер ата-аналарды да балаларының қауіпсіздігіне бейжай қарамауға және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға белсенді атсалысуға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру