Абай облысында полицейлер жоғалған баланы анасына аман-есен табыстады
Абай облысында полицейлер жоғалған баланы анасына аман-есен табыстады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған мерекелік концерт барысында екі жас шамасындағы бала ата-анасынан көз жазып қалып, полицейлердің жедел әрекетінің арқасында аман-есен табылды.
Қоғамдық тәртіпті қадағалап жүрген Семей қаласы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің инспекторлары — Мәди Даулетұлы мен Сұңғат Асқарбекұлы — жалғыз жүрген бүлдіршінді байқап қалады. Куәгерлердің айтуынша, бала ойын қызығына беріліп, ата-анасынан ажырап қалған.
Уақытты жоғалтпай, тәртіп сақшылары дереу іздестіру жұмыстарына кірісіп, небәрі 10–15 минут ішінде алаңдаған анасын тауып, баласын қолына табыстады.
Өз перзентінің дін аман екенін көрген ана полиция қызметкерлеріне жеделдігі мен қамқорлығы үшін шынайы алғыс айтты.
Абай облысының полиция департаменті ата-аналарды халық көп жиналатын орындарда балаларын қадағалауға және қараусыз қалдырмауға шақырады.