Абай облысында полицейлер жолда қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмектесті
Абай облысы полиция департаментінің қызметкерлері ауа райының күрт нашарлауына байланысты төтенше жағдайда қалған азаматтарға дер кезінде көмек көрсетіп, 60-қа жуық адамды жылыту пунктіне орналастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
28 ақпан күні таңғы сағат 06:00 шамасында Шар қаласы теміржол станциясына Қызылорда – Семей бағытындағы пойызбен келген жолаушылар ары қарай Шығыс Қазақстан облысына жұмыс мақсатында жол тартуы тиіс болған. Алайда қолайсыз ауа райына байланысты Омбы – Майқапшағай бағытындағы республикалық маңызы бар тасжол жабылып, жұмыс беруші мекеменің автокөліктері Семей қаласынан шыға алмай қалған.
Қиын жағдайға тап болған азаматтар шұғыл түрде "102" арнасына хабарласып, көмек сұраған. Хабарлама тіркелген сәттен бастап небәрі 7 минут ішінде Шар қаласы полиция бөлімінің қызметкері учаскелік полиция инспекторы Серік Архат оқиға орнына жедел жетіп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын ұйымдастырды.
– Біз жолда қалып, не істерімізді білмей тұрған сәтте полиция қызметкерлері өте жылдам жетті. Қыс мезгілінде далада қалу оңай емес. Бізге жылы жерге орналасуға көмектесіп, барынша қолдау көрсетті. Осындай қиын сәтте жанымыздан табылған Абай облысының полицейлеріне шынайы алғысымызды білдіреміз. Олардың жедел әрекеті біз үшін үлкен демеу болды, – деді жолаушылардың бірі.
Тәртіп сақшылары жолаушыларды Шар қаласында орналасқан спорт кешеніне жеткізіп, жылыту пунктіне орналастырды. Азаматтарға қажетті жағдай жасалып, олардың өмірі мен денсаулығына төнген қауіптің алдын алу бойынша тиісті шаралар қабылданды. Сонымен қатар полиция қызметкерлері жолдың ашылу барысы мен көлік қозғалысының қалпына келуін тұрақты бақылауда ұстап отырды.
Сондай-ақ республикалық маңызы бар Алматы – Өскемен автожолы бойындағы Аягөз – Айғыржал учаскесінде кезекті патрульдеу барысында Аягөз ауданы полиция бөлімінің патрульдік полиция взводының қызметкерлері жол жиегіндегі кюветке түсіп кеткен Chery Tiggo автокөлігін байқаған.
Қыстың құбылмалы мінезі, төмен температура мен көктайғақ – кейде тәжірибелі жүргізушінің өзін тығырыққа тіреп жатады. Жағдайды дер кезінде аңғарған полицейлер уақыт жоғалтпай, ең алдымен жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ескерту белгілерін қойып, өзге көліктердің қозғалысын реттейді. Бұл – кез келген құтқару жұмысының ең маңызды кезеңі. Себебі басты мақсат – бір оқиғаның арты қайғылы жағдайға ұласып кетпеуін қамтамасыз ету.
Тәртіп сақшыларының үйлесімді іс-қимылының нәтижесінде арнайы құралдардың көмегімен автокөлік кюветтен шығарылып, қайтадан жолдың жүру бөлігіне қойылды.
Бұл жағдай – полицейлердің тек құқық қорғаушы ғана емес, сонымен қатар кез келген сәтте көмек қолын созатын жанашыр маман екенін тағы бір мәрте көрсеткендей.
