Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында полицейлер жыл басынан бері 5 мыңға жуық жадынама таратты

Абай облысында полицейлер жыл басынан бері 5 мыңға жуық жадынама таратты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазіргі цифрлық заманда интернет тек мүмкіндік көзі ғана емес, сонымен қатар қауіп алаңы да болып отыр. Бір сәттік аңғалдық, беймәлім қоңырауға сену немесе күмәнді сілтемені ашу – ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Осыны ескерген Абай облысының полицейлері интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.

Өткізілген жиналыстар, кеңестер, ақпараттық бағдарламалар барысында тәртіп сақшылары интернет-алаяқтықтың ең кең таралған түрлері туралы жан-жақты ақпарат берді. Алаяқтардың өзін банк қызметкері, құқық қорғау органы немесе таныс адам ретінде таныстырып, азаматтарды алдау тәсілдері нақты мысалдармен түсіндірілді. Сондай-ақ жалған инвестиция, онлайн сауда, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жасалатын қулық-сұмдықтар жөнінде де кеңінен айтылды.

Полиция қызметкерлері азаматтарға жеке деректердің қауіпсіздігін сақтау – ең басты талап екенін ескертті. Банк картасының нөмірі, құпия кодтар, SMS арқылы келетін бір реттік парольдер – ешкімге, ешқашан берілмеуі тиіс. Күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға жауап бермеу, белгісіз сілтемелерге өтпеу, күдік тудырған жағдайда бірден құқық қорғау органдарына хабарласу қажеттігі ерекше атап өтілді.

Абай облысында жүргізіліп жатқан алдын алу шараларының бір бөлігі – ақпараттық жадынамалар тарату. Жыл басынан бері полицейлер тұрғындар арасында 5 мыңға жуық жадынама үлестіріп, әр азаматтың интернеттегі қауіпсіздік мәдениетін арттыруға күш салуда. Бұл жадынамаларда алаяқтықтың белгілері, сақтану жолдары және төтенше жағдайда қайда жүгіну керектігі нақты әрі түсінікті тілде көрсетілген.

Тәртіп сақшыларының басты мақсаты – қылмыстың алдын алу, азаматтардың қаржылық және жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Себебі интернет-алаяқтықпен күресте ең тиімді қару – ақпарат пен сақтық. Әрбір тұрғын бұл кеңестерді назарға алып, өзіне және жақындарына ескертіп отырса, талай қылмыстың жолы кесілері сөзсіз.

Интернетті қауіпсіз қолдану – баршамызға ортақ жауапкершілік.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру