Абай облысында полицейлердің балалары арасында шығармашылық байқау өтті
Абай облысында полицейлердің балалары арасында шығармашылық байқау өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан полициясы күніне орай Абай облысы полиция департаментінде тәртіп сақшыларының балалары арасында "Менің ата-анам — полицей" атты шығармашылық байқау ұйымдастырылды. Мектеп жасындағы балалар қатысқан бұл байқау "Үздік сурет" номинациясы бойынша өткізілді. Кішкентай суретшілер өз қиялынан туған жарқын туындыларын ұсыну арқылы ата-аналарына деген сүйіспеншіліктерін, мақтаныштарын жеткізе білді.
Іс-шараның негізгі мақсаты — отбасылық құндылықтарды дәріптеу, балалардың бойында полиция қызметіне деген құрмет пен сенімді қалыптастыру, сондай-ақ қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі тәртіп сақшыларының рөлін тереңірек түсіндіру болды.
— Бұл байқау – балалардың шығармашылық әлеуетін қолдау ғана емес, сонымен қатар тәртіп сақшылары отбасыларындағы өзара түсіністік пен рухани байланысты нығайтатын маңызды жоба, — деді ПД Тәрбие және кадр жұмысы басқармасының өкілдері.
Кейбір балалар полиция көлігін, ал енді бірі қоғам тыныштығын күзетіп жүрген әке-шешесін бейнелеп, өз армандарын сурет арқылы жеткізді. Әр туынды — балалық пәк жүректің шынайы ықыласы мен отбасыға деген сүйіспеншілігінің көрінісі.
Байқау соңында барлық қатысушылар мадақтамалармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Осындай бастамалар жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік, тәртіпке бағыну және адамгершілік қасиеттерді қалыптастырып, құқық қорғау органдарына деген сенімді нығайта түсетіні анық.