Абай облысында полицейлердің кәсіби дайындығы тексерілді
Абай облысында полицейлердің кәсіби дайындығы тексерілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы полиция департаменті мен қалалық полиция басқармаларының басшы құрамының кәсіби даярлығын бағалау мақсатында қорытынды сынақ өткізілді.
Іс-шараны Арнайы және кәсіби даярлық басқармасының қызметкерлері ұйымдастырды. Тексеру барысында басшылық құрамдағы полиция қызметкерлері дене шынықтыру, жауынгерлік күрес, атыс даярлығы бойынша нормативтерді орындап, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамаларына қатысты тестілеуден өтті.
Шараның басты мақсаты – жеке құрамның кәсіби және физикалық дайындық деңгейін анықтау, сондай-ақ қызметтік міндеттерді тиімді орындауға қажетті дағдыларды жетілдіру болды.
Сынақ нәтижесінде полиция қызметкерлері өздерінің жоғары кәсіби шеберлігін, физикалық төзімділігін және құқықтық білім деңгейін көрсетті.
Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да қызметтік даярлық деңгейін арттыруға және құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі шаралар аясында жалғасын табады.
