Абай облысында полиция ардагерлері жас қызметкерлерге жол көрсетуде
Абай облысында полиция ардагерлері жас қызметкерлерге жол көрсетуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы полиция департаментінде ішкі істер органдарының ардагерлері мен жас қызметкерлері арасында жүйелі өзара іс-қимыл орнаған. Бұл дәстүр – ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі ғана емес, сонымен бірге тәртіп пен кәсібилікті сақтаудың сенімді кепілі.
Бұрын сапта тұрған полиция қызметкерлері бүгінде ардагер атанып, өмірінің жаңа белесіне қадам басты. Алайда олардың көпшілігі құқық қорғау саласынан қол үзбей, жас мамандарға тәлімгерлік етіп, тәжірибесімен бөлісіп келеді. Бұл – тек кәсіби машықты жеткізу ғана емес, жас буынды тәрбиелеудегі маңызды моральдық әрі патриоттық тірек.
Қазіргі таңда Абай облысында үш мыңнан астам ішкі істер органдарының ардагері тұрады. Олардың өмірлік жолы мен кәсіби тәжірибесі – жас буын үшін үлкен мектеп. Жас қызметкерлерге практикалық қолдау көрсету және оларды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу мақсатында облыстық департаменттің әр аумақтық бөлімшесінде Ардагерлер кеңесінің төрағалары бекітілген. Қай істің де сәтті өтуінде олардың тікелей қатысуы айрықша рөл атқарады. Сол себепті тәлімгерлік жұмысты ұйымдастыру – ішкі істер органдарының кадр саясатының басым бағыттарының бірі болып саналады.
Жыл басынан бері полиция қатарына 118-ден астам жас қызметкер қабылданды. Қатаң іріктеу кезеңдерінен өткен үміткерлер бүгінде толыққанды полиция қызметкері ретінде тергеу, анықтау, жедел қызмет және учаскелік инспекторлық бағыттарда абыроймен еңбек етуде. Дәл осы жауапты сәтте тәжірибелі әріптестер мен ардагерлердің тәлімгерлігі олардың сенімді тірегіне айналды.
Кеше болған оқиғалар бүгін тарихқа айналуда. Ардагерлер мен қызметтегі полицейлердің жанқиярлық еңбегі, ерлік істері кітап, газет-журнал беттерінде хатталып, болашақ ұрпаққа рухани мұра ретінде жеткізілуде. Бұл – тек тарихи естелік емес, жас ұрпаққа үлгі болар асыл қазына.
Сонымен қатар биыл қызметтік міндетін орындау барысында қаза тапқан полиция қызметкерлеріне арналған "Ерлік бұрыштары" мен кадет сыныптарын ашу жұмыстары жалғасуда. Бұл бастама – батырлық пен ерліктің шынайы бейнесін көрсетіп, жас буынның бойында отансүйгіштік пен жауапкершілікті тереңдетуге бағытталған қадам. Абай облысынан шыққан жеті бірдей полиция қызметкері қылмыскерлерді ұстау мен адамдарды құтқару кезінде қаза тапты. Олардың есімі ел жадында мәңгі сақталып, ұрпаққа өнеге болып қала бермек.
Ардагерлер мен жас қызметкерлер арасындағы ынтымақ пен сабақтастық – қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздіктің кепілі. Бұл байланыс кәсіби машық қана емес, рухани құндылықтарды сақтау мен дамыту жолындағы маңызды қазына болып қала береді.