Абай облысында полиция борышкерлерді анықтау жұмыстарын жүргізуде
Абай облысында борышкерлерді анықтау және сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету бағытында полицейлер тиімді жұмыс жүргізуде, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Жуырда Семей қалалық полиция басқармасына жеке сот орындаушыларынан жалпы сомасы 3 млн теңге материалдық залалды өтеу туралы сот шешімін орындамаған екі азаматқа қатысты іздеу жариялау жөнінде қаулы келіп түсті.
Құқық қорғау органдары борышкерлерді бар болғаны бір тәуліктің ішінде анықтады. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелерін пайдалану арқылы олардың нақты орналасқан жері — бірі Алматы, екіншісі Павлодар қаласынан табылды.
Осы жылдың басынан бері Абай облысы полиция департаментінің көші-қон қызметі 185 борышкерді анықтаған. Полицейлер азаматтарды сот шешімдерін уақытылы орындауға шақырады.
Себебі атқарушылық құжаттарды орындамағаны үшін қолданыстағы заңнамада әкімшілік жауапкершілікпен қатар, кейбір жағдайларда қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған. Сот шешімін орындау – тек заң талабы ғана емес, әрбір азаматтың құқықтық және әлеуметтік жауапкершілігі.