Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында полиция дрондардың көмегімен жол қозғалысын қадағалауда

Абай облысында полиция дрондардың көмегімен жол қозғалысын қадағалауда, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері автожолдардағы жағдайды қадағалау үшін заманауи беспилоттық ұшу аппараттарын кеңінен қолдануда. Дрондар жүргізушілердің қарама-қарсы жолаққа шығу, жылдамдықты арттыру сынды құқық бұзушылықтарын дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.

Биылғы жылдың алғашқы сегіз айының қорытындысы бойынша өңірде жол-көлік оқиғаларының саны 4,6%-ға (668-ден 637-ге дейін) азайды. Жол апатынан қаза тапқандар саны да 16,4%-ға (50-ден 42-ге дейін) төмендеді. Дегенмен, жарақат алғандар саны 3,6%-ға (951-ден 985-ке дейін) сәл артқан.

Жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі — 79%-ы немесе 428 дерек елді мекендер аумағында тіркелген. Апаттардың негізгі себептері – жылдамдық режимін бұзу (106 дерек немесе 19%) және реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту ережесін сақтамау (99 дерек немесе 18%). Жиі кездесетін апат түрлері: көліктердің соқтығысуы (37% немесе 202 жағдай) және жаяу жүргіншілерді қағу (33% немесе 178 жағдай).

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін патрульдік полиция қызметкерлері "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында қауіпті учаскелерде рейдтер жүргізіп келеді. Сонымен қатар жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін сақтау, еңбек және демалыс режимін бұзбау қажеттігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, жасырын патрульдеу әдістері қолданылып, дрондар арқылы заң бұзушылықтар дер кезінде анықталуда.

Абай облысының полиция департаменті жол қозғалысына қатысушыларды сақтық шараларын қатаң ұстануға және заң талаптарын бұлжытпай орындауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру