Абай облысында полиция мен ТЖД қоғамдық тамақтану орындарында өрт қауіпсіздігін күшейтті
Абай облысында полиция мен төтенше жағдайлар департаменті қоғамдық тамақтану орындарында өрт қауіпсіздігін күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысының полиция қызметкерлері төтенше жағдайлар департаменті өкілдерімен бірлесіп, дәмхана және өзге де қоғамдық тамақтану нысандарында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Іс-шаралардың негізгі мақсаты — төтенше жағдайлардың алдын алу, азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау, сондай-ақ келушілер үшін қауіпсіз жағдай жасауда нысан иелері мен персоналдың жауапкершілігін арттыру.
Кездесулер барысында эвакуациялық шығу жолдарын тиісті жағдайда ұстау, автоматты өрт дабылы жүйесінің және өрт сөндірудің бастапқы құралдарының жарамдылығы, электр желілеріне шамадан тыс жүктеме түсіруге жол бермеу, сондай-ақ өрт туындаған жағдайда персоналдың іс-қимыл тәртібі түсіндірілуде. Ерекше назар төтенше қызметтерді жедел хабардар ету алгоритміне және адамдарды уақытылы эвакуациялауды ұйымдастыруға аударылады.
Кәсіпкерлік субъектілерінің өкілдеріне қызметкерлермен тұрақты түрде нұсқама өткізу, жабдықтардың техникалық жай-күйін бақылау және белгіленген талаптарды қатаң сақтау ұсынылды.
Аталған бағыттағы профилактикалық жұмыс жалғасын табады. Өрт қауіпсіздігі шараларын уақытылы сақтау — келушілердің тыныштығы мен кәсіпкерлік нысандардың тұрақты қызметінің кепілі.
