Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында полиция қатарына 45 жаңа қызметкер қабылданды

Абай облысында полиция қатарына 45 жаңа қызметкер қабылданды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысында құқық қорғау органдарын цифрландыру бағытындағы жүйелі жұмыстар нақты нәтижесін беруде. Облыс бойынша полиция қызметіне 45 азамат "qyzmet-police.kz" электрондық платформасы арқылы іріктеуден өтіп, қызметке қабылданды.

Аталған сервис азаматтарға полиция қатарына орналасу үшін өтінімді толықтай электрондық форматта ұсынуға мүмкіндік береді. Платформада еліміз бойынша барлық бос лауазымдар бір ресурста шоғырландырылған. Үміткерлер өзіне ыңғайлы өңірді, құрылымдық бөлімшені және нақты лауазымды таңдап, өтінімді бірден жолдай алады.

– Мен полиция қызметіне орналасу үдерісі ұзақ әрі күрделі болады деп ойлағанмын. Алайда “qyzmet-police.kz” қосымшасы арқылы өтінім беру өте ыңғайлы болды. Барлық құжаттарды бір рет жүктеп, әр кезеңнің қалай өтіп жатқанын онлайн түрде бақылап отырдым. Ешқандай кезекке тұрмадым, артық қағаз жинаған жоқпын. Бұл сервис уақытты үнемдеумен қатар, іріктеудің әділ әрі ашық өтуіне толық сенім береді. Осындай заманауи мүмкіндікті жасағаны үшін ризашылығымды білдіремін және полиция қатарында адал қызмет етуге дайынмын, – деді полиция қатарына қосылған азамат.

Құжаттарды жинау мен тапсыру үдерісі де барынша оңтайландырылған. Үміткер қажетті құжаттарды бір рет қана жүйеге жүктейді, ал одан әрі барлық іріктеу кезеңдері автоматтандырылған форматта жүзеге асырылады. Әрбір кезең жүйе арқылы тіркеліп, үміткердің мәртебесі нақты уақыт режимінде көрсетіледі. Бұл ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етіп, адами фактордың ықпалын барынша азайтады.

"Qyzmet-police.kz"  платформасы — полиция қызметіне қабылдау тетігін жаңа сапалық деңгейге көтерген тиімді құрал. Ол мемлекеттік қызметке іріктеуде ашықтықты, қолжетімділікті және тиімділікті қамтамасыз етіп қана қоймай, жастардың құқық қорғау саласына деген сенімін арттыруға ықпал етеді.

Абай облысында аталған сервистің табысты қолданылуы — цифрлық шешімдердің мемлекеттік басқару жүйесіне сәтті енгізіліп жатқанын айқын көрсетеді. Бұл өз кезегінде заманауи талаптарға сай, кәсіби әрі адал полиция кадрларын қалыптастыруға берік негіз қалайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру