Абай облысында полиция қызметкерлері мал жаю тәртібін бұзғандарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде
Абай облысында жыл басынан бері 2,6 мыңнан астам мал иесі жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері Абай облысы аумағында ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзудың 2 648 фактісі анықталды.
Құқық бұзушылықтардың басым бөлігі малды бақылаусыз түрде жол бойына немесе елді мекендердің маңайына шығару жағдайларымен байланысты. Мұндай әрекеттер жол-көлік оқиғаларына себеп болып, тұрғындардың шағымдарына негіз болуда.
Полиция қызметкерлері ережені бұзған мал иелерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, үй жануарларын ұстау және жаю тәртібін бұзған азаматтарға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырды.
Құқық қорғау органдарының өкілдері мал иелеріне жануарларды тиісті жағдайда ұстау, өз бетінше жаюға жол бермеу және малды тек арнайы белгіленген жайылымдарда бағу қажеттігін ескертеді.
Осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында аумақтық полиция бөлімшелері ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізіп, ауылдық округ әкімдерімен, шаруа қожалықтарының басшыларымен және бақташылармен бірлесіп түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда.
Қазіргі таңда облыс аумағында мал ұстауға арналған 121 арнаулы айып тұрағы жұмыс істейді. Жыл басынан бері сол орындарға қараусыз жүрген 11 721 бас мал жеткізілді. Мал иелеріне белгіленген талаптарды сақтау қажеттігі туралы ескертілді.
Абай облысы полиция департаменті азаматтарды мал жаю ережелерін қатаң сақтауға және өз меншігіндегі малға жауапкершілікпен қарауға шақырады. Бұл – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің және жол-көлік оқиғаларының алдын алудың маңызды шарасы.
