Абай облысында полиция қызметкерлері сынған көліктің жүргізушісіне көмектесті
Абай облысында полиция қызметкерлері сынған көліктің жүргізушісіне көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ВАЗ-2112 автокөлігінің бұзылуы 8 шілде күні Семей – Өскемен автожолында тіркелді. Көліктің дөңгелегі жарылып, жүргізушіде құрал-саймандар және қосалқы дөңгелек болмағаны анықталды. Өтіп бара жатқан көліктерді тоқтату әрекеттері де сәтсіз болды.
Осы уақытта республикалық трассаның бұл бөлігін құрамында полицейлер Дархан Таиров пен Досахмет Нұрпейісов бар патрульдік полиция ротасының экипажы патрульдеді. Жол жиегінде тұрған жеңіл көлікті көріп, тәртіп сақшылары тоқтап, жүргізушіден қандай көмек қажет екенін сұрады. Жүргізушінің мәселесін білген полиция қызметкерлері бірден қажетті көмек көрсетті: құралдарды, қосалқы дөңгелекті тауып, оны орнатуға көмектесті.
Содан кейін олар жақын маңдағы дөңгелек жөндеу шеберханасына дейін жеткізіп, өз міндеттерін орындауға оралды. Автокөлік жүргізушісі патрульдік полиция қызметкерлеріне уақтылы көмек көрсеткені үшін үлкен алғысын білдірді.
– Шүлбі кентінен Семей қаласына қарай жол жүріп бара жатып едім. Жолда дөңгелек жарылып, әрі қарай жолымды жалғастыра алмадым. Тоқтап, маған көмек көрсеткен полиция қызметкерлеріне көп рахмет. Оларға табыс пен зор денсаулық тілеймін, – деді тәртіп сақшыларына ер адам.