Абай облысында полиция қызметкерлері ұрлықты әшкереледі
Абай облысында полиция қызметкерлері ұрлықты әшкереледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Семейде 25 жастағы жергілікті тұрғын 1 000 000 теңгенің жоғалғаны туралы полицияға хабарлады. Анықталғандай, қыз марқұм әжесінен қалған мұра ретінде алған 3 000 000 теңгені сөмкесіне салып, 42 жастағы көршісіне қонаққа барған. Қысқа уақытқа бөлмеден шығып кеткен сәтте ол сөмкесін қараусыз қалдырған.
Осы жағдайды пайдаланған көршісі сөмкеден ақшаның бір бөлігін жасырын түрде алып кеткен. Алайда көп ұзамай оның әрекеті әшкере болды. Жоғалған қаржыны қыз кейін банкоматқа барып, қаражатты шотына салмақ болған кезде анықтаған. Соманың толық еместігін байқаған бойда ол дереу полицияға жүгінген.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында күдікті анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Тергеу барысында ол өз кінәсін мойындады. Ұрланған қаражат тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті әйелге қатысты келу туралы міндеттеме қолданылды.
