Абай облысында полиция қызметкерлері жолда қалған жүргізушіге көмектесті
Абай облысында полиция қызметкерлері жолда қалған жүргізушіге көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы Полиция департаментінің Патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Семей – Павлодар тасжолында патрульдеу барысында жолда ГАЗель көлігі бұзылып қалған жүргізушіге дер кезінде көмек көрсетті.Қызмет аға инспекторы Ельдар Саликов пен Ержан Тлеубаев тоқтап, қиын жағдайда қалған жүргізушіге қол ұшын созуды ұйғарды. Автокөлікті орнында жөндеу мүмкін болмағандықтан, полицейлер оның бұзылған көлігін жақын маңдағы жол бойындағы кафеге қауіпсіз түрде жеткізуді ұйымдастырды.
Жүргізуші полиция қызметкерлерінің шұғыл әрі кәсіби көмегіне ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.
– Жолдағы кез келген қиын жағдайға көмек көрсету – біздің басты міндетіміз. Қиын сәтте қол ұшын бере алғанымызға қуаныштымыз, – деді Ельдар Саликов.
Абай облысы полиция департаменті жүргізушілерді жолға шығар алдында көліктің техникалық жағдайын мұқият тексеруге және жол қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады. Көлік қозғалысы кезінде тежегіштер, шиналар, аккумулятор мен жарық жүйесінің қалыпты жұмыс істеуін қадағалау аса маңызды. Әсіресе нашар көрінетін немесе тайғақ жолдарда жылдамдықты шектеп, арақашықтықты сақтауды естен шығармаған жөн.