Абай облысында полиция шетелдік студенттерге арналған қауіпсіздік сабағын ұйымдастырды
Абай облысы полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы Семей медицина университетінде білім алып жатқан шетелдік студенттерге арналған қауіпсіздік сабағын ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара барысында студенттерге Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібі, көші-қон заңнамасының негізгі талаптары, уақытша тіркеу рәсімдері, оқу мерзіміне байланысты құжаттарды ресімдеу және оларды уақтылы жаңарту қажеттілігі жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар еліміздің заң талаптарын сақтау маңыздылығы мен құқық бұзушылықтар үшін көзделген жауапкершілік жөнінде нақты мәліметтер берілді.
Кездесу кезінде студенттердің күнделікті өмірінде өзекті болып табылатын жеке қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстау мәдениеті, тұрғын үй қауіпсіздігі, жол қозғалысы ережелерін сақтау, бейтаныс адамдармен қарым-қатынас кезінде сақтық шараларын ұстану, сондай-ақ алаяқтықтың кең таралған түрлері туралы айтылды.
Бұдан бөлек, интернет пен әлеуметтік желілерді пайдалану барысында дербес мәліметтерді қорғау, киберқауіптерден сақтану жолдары да түсіндірілді.
Шара соңында полиция қызметкерлері студенттерге кез келген жағдайда құқық қорғау органдарына жүгініп, өздеріне ыңғайлы тілде қажетті көмек ала алатындарын жеткізді.
