Абай облысында полиция тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде
Абай облысында полицейлер бет-жүзді толық жауып тұратын киімдерді қоғамдық орындарда киюге тыйым салу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
2025 жылғы 12 шілдеден бастап Қазақстанда адамның бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киімдерді қоғамдық орындарда киюге тыйым салатын заңнамалық өзгерістер күшіне енді.
Бұл түзетулердің басты мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтарды сәйкестендіру және қоғамдық тәртіпті сақтау, сонымен қатар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, оның ішінде діни сенім бостандығына нұқсан келтірмеу.
Абай облысының полицейлері тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуде. Сауда үйінде полиция қызметкері беті балаклава мен шлеммен жабылған жас жігітке түсіндірме жасады. Ол скутер жүргізушісі екенін айтып, жаңа ережелерді түсіністікпен қабылдады және енді бұл талаптарды білетінін жеткізді.
Полиция қызметкерінің айтуынша, кейбір қылмыскерлер әдейі бет-жүзін маскамен жауып, танылудан қашады. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін заң қабылданып отыр. Барлық шаралар ең алдымен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Құқық бұзушылық болып адамның бет-жүзін визуалды тануға, соның ішінде бейнебақылау камераларымен анықтауға кедергі келтіретін дәрежеде жабатын киімдерді кию саналады.
Тыйым мына жағдайларға қолданылмайды: ауа райына байланысты; медициналық көрсетілімдерге; Қазақстан Республикасының заң талаптарын орындау кезінде; қызметтік және еңбек міндеттерін атқару барысында; азаматтық қорғау саласындағы қызметке; спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шараларға қатысқанда.
Шектеу тек бет-жүзді толық жауып, тұлғаны анықтауға кедергі келтіретін киімдерге қатысты. Олар: балаклава, маска және никаб. Ал бет-жүзді жаппайтын діни киімдер (хиджаб, шейла, химар, аль-амира және т.б.) бұл норманың аясында емес.
Жауапкершілік шаралары профилактикалық сипатқа ие. Негізгі екпін азаматтарды құқықтық тұрғыда ақпараттандыруға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылған.
Азаматтар жаңа нормаларға түсіністікпен қарап отыр.