Абай облысында полиция жүргізушілерге жолда демалудың маңыздылығын түсіндірді
Абай облысында полиция жүргізушілерге жолда демалудың маңыздылығын түсіндірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында полиция қызметкерлері мен медицина мамандары бірлесіп, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жүргізушілер арасында профилактикалық іс-шаралар өткізуде. Шара аясында әсіресе алысқа сапар шегетін жүк көліктерінің жүргізушілеріне баса назар аударылуда.
Профилактикалық рейд барысында жүргізушілермен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, сауалнамалар алынды және қажет болған жағдайда медициналық тексерулер ұйымдастырылды. Көлік жүргізу кезінде шаршаудың салдары – зейіннің төмендеуі, реакцияның баяулауы, сәйкесінше жол апатына әкелуі мүмкін екендігі ескертілді.
Медицина мамандары тіпті қысқа уақытқа болса да демалудың өмірді сақтап қалуда шешуші рөл атқаратынын алға тартты. Жүргізушілерге ақпараттық жадынамалар таратылып, шаршаған жағдайда жол шетіне тоқтап, тынығудың маңыздылығы түсіндірілді.
Бұл іс-шаралар ҚР ІІМ жариялаған "Құқық бұзушылық профилактикасы жылы" шеңберінде жүзеге асырылуда және жол қозғалысы мәдениетін қалыптастыру, жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылуда. Мұндай бастамалар жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды қадам болып отыр.