Абай облысында пробация есебіндегі азамат вендинг бизнесін бастады
Абай облысында пробация есебіндегі азамат вендинг бизнесін бастады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі пробация қызметі 15 аудандық және қалалық бөлімде жұмыс істейді. Қазіргі таңда есепте 650-ден астам сотталған азамат бар. Қызметтің негізгі міндеті — қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаларды орындауды бақылау және есептегі тұлғалардың әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ету.
Сәтті ресоциализацияның бір мысалы ретінде Курчатов қаласының 42 жастағы тұрғынын айтуға болады. Орташа қауіпсіздік мекемесінен босап шыққан соң ол пробация қызметінің есебіне алынды. Әңгімелесу барысында азамат жеке кәсіпкерлікті дамытуға, атап айтқанда вендинг саудасы саласында өз ісін ашуға ниет білдірді.
Пробация қызметінің қолдауымен ол жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, кәсібін бастады. Қажетті құжаттарды рәсімдеген соң кәсіпкер үш кофе және жеңіл тағамдар (снек) автоматы сатып алды. Бұл автоматтар тәулік бойы қызмет көрсететін етіп қалалық Мәдениет үйіне және 300-ден астам адам тұратын жатақханаға орнатылды.
— Бостандыққа шыққаннан кейін бәрін нөлден бастау қажет екенін түсіндім. Жеке кәсіпкерлікті ашу мен үшін адал өмір сүруге және өзімді дамытуды көрсетуге мүмкіндік берді. Әр кезеңде қолдау көрсетіп, көмектескені үшін пробация қызметінің қызметкерлеріне алғысым шексіз, — деді сотталған азамат.
Курчатов қалалық пробация қызметінің аға инспекторы Назым Тохтар атап өткендей, жұмыспен қамту мен кәсіпкерлікті дамыту — қызметтің маңызды бағыты.
— Біздің міндетіміз — адамның қоғамда орнығуына, тұрақты табыс көзін табуына және қайталама құқық бұзушылықтарға жол бермеуге көмектесу. Есептегі азамат өз ісін бастаса, бұл оның заңға бағынатын өмірге дайын екендігінің нақты көрсеткіші, — деді ол.
Пробация қызметі заңды жұмыспен қамтудың сотталғандардың қоғамға сәтті интеграциялануына және қайталама қылмыстың азаюына оң әсерін тигізетініне сенімді.
