Абай облысында пробация қызметі сотталған азаматтардың әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасайды
Абай облысының Үржар аудандық Мансап орталығының қолдауымен пробация қызметінің мамандары есепте тұрған азаматтарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның басты мақсаты – пробациялық бақылаудағы тұлғалардың әлеуметтік бейімделуіне және жұмысқа орналасуына қолдау көрсету.
Қазіргі таңда Үржар аудандық пробация қызметінде 21 мен 60 жас аралығындағы 40-қа жуық азамат тіркелген. Олардың басым бөлігі ұрлық, алаяқтық және денсаулыққа ауыр зиян келтіру фактілері бойынша сотталғандар.
Жәрмеңкеге 40-тан астам мекеме мен кәсіпорын қатысып, 90-нан астам бос жұмыс орнын ұсынды. Жұмыс берушілер ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, түйіндемелер қабылдап, үміткерлермен алдын ала сұхбаттар өткізді.
Пробация қызметінің мамандары сотталған азаматтарға түйіндеме жазуға көмектесіп, лайықты жұмыс орындарын таңдауға бағыт-бағдар берді. Сондай-ақ еңбек заңнамасына қатысты кеңестер ұсынып, оларды жұмыс берушілермен таныстырды.
Мұндай іс-шаралар сотталғандардың қоғамға қайта бейімделуіне, ресми жұмысқа орналасуына, сот шешімдері бойынша талап-арыздарды өтеуіне және қайталанатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Жәрмеңке қорытындысында онға жуық азамат ұсынылған бос жұмыс орындарына қызығушылық танытып, тұрақты жұмыспен қамтылуға дайын екендіктерін білдірді.
– Тұрақты жұмысқа орналасу азаматтарға сотқа түскен шағымдарды өтеуге көмектесіп қана қоймай, сонымен қатар қайталанатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді. Біз пробация есебінде тұрған адамдардың тез арада әлеуметтік ортаға бейімделуі үшін бар жағдайды жасауға тырысамыз, – деді Үржар аудандық пробация қызметінің бастығы Бауыржан Ерденбеков.