Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында пробация қызметкерлері қарияға құрмет көрсетті

Пробация қызметкерлері 87 жастағы Семей қаласының тұрғынын Халықаралық қарттар күнімен құттықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Халықаралық қарттар күніне орай Абай облысы бойынша ҚАЖД-ның Семей қаласы Затон аудандық пробация қызметі бөлімінің қызметкерлері қаланың 87 жастағы тұрғыны, өмірін еңбекке арнаған қадірлі жан – Сәбира Мақсұтовамен арнайы кездесіп, мерекелік ілтипат көрсетті.

Сәбира әже 1938 жылы дүниеге келген. Ол 1975 жылы жұбайымен бірге шаңырақ көтеріп, бүгінде сол үйде тұрып келеді. Қосағы дүниеден өткеннен кейінгі 35 жылды жалғыз өткізгенімен, бүгінде бір ұл мен бір қыздың, алты немере мен сегіз шөберенің ортасында, ұрпағының мейірімі мен қамқорлығын сезініп отыр.

Өмірінің барлығын адал еңбекке арнаған Сәбира Мақсұтқызы 72 жыл бойы сауда саласында тер төкті. Өзінің еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында отбасы мен ұрпағына ғана емес, оны танитын барша жанға үлгі бола білді. Ол – қамқор ана, аяулы әже, даналығымен қадірлі жан.

- Халқымыз "қариясы бар үйдің – қазынасы бар" деп бекер айтпаған. Сәбира әжеміз де – отбасы үшін де, қоғам үшін де сондай асыл қазына, – деді Семей қаласы Затон аудандық пробация қызметі бөлім бастығының орынбасары Қуаныш Тұрарқанов.

Ол қарттарға деген ризашылығын білдіре отырып:

- Құрметті қарияларымыздың еңбегі, даналығы мен өмірлік тәжірибесі – өшпес қазына. Біз оны сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізуіміз керек. Қарттарымызға зор денсаулық, амандық пен ұзақ ғұмыр тілейміз, – деп жүрекжарды лебізін жеткізді.

Өз кезегінде Сәбира әже де ізгі ниеттерге алғысын білдірді:

- Сіздердің құттықтауларыңыз жанымды жылытты, көңілімді тебірентті. Мен үшін ең бастысы – балаларым мен немере-шөберелерімнің тату-тәтті өмір сүруі. Баршаңыздың дендеріңіз сау, ғұмырларыңыз ұзақ, бақтарыңыз ашық болсын. Бізді ұмытпай, құрмет көрсеткендеріңізге рақмет, – деді ол.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру