Абай облысында "Пробация үйі" іс-шарасы өтті
Абай облысында "Пробация үйі" іс-шарасы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарға құқықтық және әлеуметтік көмек көрсету мақсатында жергілікті атқарушы органдар мен аудандық прокуратура өкілдерінің қатысуымен "Пробация үйі" іс-шарасы өтті.
Іс-шараға отыздан астам сотталған азамат қатысып, мемлекеттік органдардың өкілдерінен өздерін қызықтырған сұрақтарға түсініктемелер мен жауаптар алды. Кездесу барысында сотталғандарды жұмысқа орналастыру, әлеуметтік жәрдемақыларды алу тәртібі, медициналық қызметтерге қолжетімділік және зейнетақы төлемдерін рәсімдеу сияқты маңызды тақырыптар талқыланды.
Денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін үш жылға бостандығын шектеу жазасына сотталған 52 жастағы азамат, іс-шараға қатысу оған маңызды мәселелерді түсінуге көмектескенін айтты.
— Денсаулығыма байланысты зейнетақы рәсімдеу үшін құжаттарды жинау кезінде қиындықтар болды. Алайда мен барлығын егжей-тегжейлі біліп, сұрақтарыма жауап алдым. Енді қандай қадамдар жасау керектігін түсіндім. Мұндай кездесулер біз сияқты азаматтарға көмегін тигізеді, осындай іс-шаралар болашаққа деген сенімді арттырады. Мамандардың көмектесуге әзір екенін көргенде, бәрін түсіндіріп бергенде, жеңілдеп қаласың — осындай сәттерде мәселелеріңмен жалғыз қалмайтыныңды түсінесің, — деді сотталған азамат.
— Біздің міндетіміз — сотталғандарға қажетті құқықтық, әлеуметтік және түсіндіру жұмыстарын уақытылы көрсету. Олар сұрақтарына неғұрлым ертерек жауап алса, олардың қайта әлеуметтенуі және сот белгілеген міндеттерді орындауы соғұрлым тиімді болады, — деді Үржар ауданы пробация қызметінің бастығы Бауржан Ерденбеков.
Аудандық аурухананың медициналық қызметкері де сотталғанға заңнамаға сәйкес барлық қажетті медициналық көмек көрсетілетінін атап өтті.
