Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында пробациялық бақылаудан жасырынған сотталған қайтадан колонияға жіберілді

Абай облысында пробациялық бақылаудан жасырынған сотталған қайтадан колонияға жіберілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Шығыс Қазақстан облысының 39 жастағы тұрғыны ұрлық жасағаны үшін үш жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілген болатын. Алайда оның түзелу жолындағы мінез-құлқы, еңбекке жауапкершілікпен қарауы және ішкі тәртіпті сақтауы ескеріліп, сот жазаның қалған бөлігін бір жыл екі ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасымен ауыстырған.

Бостандыққа шыққаннан кейін ер адам Абай облысы Мақаншы аудандық пробация қызметіне есепке тұруы тиіс еді. Алайда белгіленген мерзімде ол бұл талапты орындамай, пробациялық бақылаудан бой тасалаған.

Пробация қызметі іздестіру шараларын ұйымдастырып, үш айдан кейін сотталушыны ұстауға қол жеткізді. Белгілі болғандай, ол осы уақыт аралығында Алматы қаласында болып, жазасын өтеу кезінде танысқан сүйіктісінің үйінде тұрған.

Сот шешімімен оның бас бостандығын шектеу жазасы бір жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстырылды.

– Мен үйленбегенмін, балаларым жоқ. Осы уақыт ішінде өмірімді қайта бастай аламын деп ойладым, бірақ қателестім. Ең өкініштісі – ата-анамның сенімін ақтай алмадым. Пробация қызметіне барып, барлық талаптарды орындауым керек еді. Енді өз ісім үшін жауап беруге тура келеді, – деді сотталушы.

– Әрбір адамға түзелу мүмкіндігі беріледі. Бірақ пробациялық бақылаудан жалтару – бұл заң бұзушылық, оның салдары ауыр болуы мүмкін. Біздің мақсатымыз тек бақылау емес, шынымен өмірін өзгертуге ұмтылғандарға көмектесу, – деп атап өтті Абай облысы Мақаншы аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы Данияр Танысбаев.

Бұл оқиға – қоғамға қайта бейімделу жолындағы жауапкершілік пен заң талаптарын сақтаудың маңызын көрсететін мысал болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру