Абай облысында Қарттар күні қарсаңында ардагерге ерекше құрмет көрсетілді
Абай облысында Қарттар күні қарсаңында ардагерге ерекше құрмет көрсетілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарттар күніне орай Абай облысындағы қауіпсіздігі ең төменгі мекеменің қызметкерлері қылмыстық-атқару жүйесінің ардагері Галина Останкинаға ерекше көңіл бөлді.
Жасы 93-тегі ардагердің көптен бергі арманы – офицердің қолынан ұстап, саябақта серуендеу еді. Бұл қарапайым тілектің астарында жастық шағын, отбасын және өмірін арнаған қызметін еске түсіретін терең мән жатқан-ды.
Галина Григорьевна 1979 жылдан бастап қылмыстық-атқару жүйесінде мейірбике болып еңбек етіп, абыройлы қызметі үшін "Еңбек ардагері" медалімен марапатталған. Қазір зейнеткер ұлымен бірге тұрады.
Қызметкерлер оның арманын орындап, салтанатты формадағы офицерлер гүл шоғымен қарсы алып, саябақта серуендеуге шақырды. Алғашқы қадамдарынан-ақ ардагердің жүзі жадырап, жүрегі сағыныш пен ризашылыққа толды.
– Бұрын туыстарым мен достарымның ортасында болатынмын. Бірақ уақыт өте бәрі өзгерді: біреулер өмірден өтті, енді бірі басқа қалаға қоныс аударды. Қазір жалғыз тұрамын, есігімді сирек қағатындар бар. Әр күнім бір-бірінен аумайды. Тіпті аулаға шығуға да күшім жетпейді. Ал бүгін өзімді қайтадан жас сезіндім, тіпті жиырмадамын ба деп ойладым. Қызметкерлерге айтар алғысым шексіз. Офицердің қолынан ұстағанда, қасымда күйеуім жүргендей болады – мықты, сенімді, формада, – деп бөлісті ардагер өз әсерімен.
Серуен еңбек күндерінен естеліктер айтып, әңгімелесумен жалғасты. Қызметкерлер оған жай ғана арманын орындап қана қоймай, назар мен құрмет, жүрек жылуын сыйлады.
– Ардагерлерге құрмет көрсету – біздің парызымыз. Оларды тек мерекемен құттықтау емес, жылулық сыйлап, қажет екенін сезіндіру маңызды. Себебі дәл осындай жандардың еңбегі мен адалдығы қазіргі жүйенің негізін қалады, – деді мекеме бастығының орынбасары Рүстем Берлібеков.
Кездесу шай үстінде жалғасып, ардагерге естелік сыйлықтар табыс етілді. Бірақ ең бастысы – оның алғысқа толы көздері мен қарапайым армандардың орындалатынына деген сенімі еді.