Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында "Қауіпсіз жол" профилактикалық іс-шарасы өтті

Абай облысында өткен "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында барлығы 3993 құқық бұзушылық тіркелді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл тек хаттама толтыру немесе айыппұл салу үшін емес, ең алдымен, әр жүргізуші мен жаяу жүргіншінің санасында "жолда менің де жауапкершілігім бар" деген түсінікті қалыптастыруды мақсат етті.

Құқық бұзушылықтар – құрғақ статистика емес, әрбірінің артында нақты адам тағдыры тұр.

Тексеріс барысында мынадай заң бұзушылықтар анықталды:

Міндетті сақтандырусыз жүрген 286 жүргізуші. Қауіпсіздік – тек жеке емес, жолдағы әрбір адам үшін ортақ міндет.

14 заңсыз жолаушы тасымалдау дерегі. Жолда табыс табамын деп, біреудің өмірін қатерге тіккендер.

Телефонмен сөйлесіп көлік басқарған 244 жүргізуші. Бір қоңырау – бір апатқа себеп болуы мүмкін.

834 жағдайда белдік тақпау, жүк пен жолаушыны дұрыс орналастырмау фактілері. "Не болады дейсің?" деген немқұрайлықтың салдары ауыр болуы ықтимал.

304 маневр жасау ережесін бұзу фактісі. Әрбір қате бұрылыс – бүтін бір отбасының қайғысына айналуы мүмкін.

117 жүргізуші қызыл шамға өткені үшін тоқтатылды. Жол – жарыс алаңы емес, мұнда "бірінші келген жеңеді" деген қағида жүрмейді.

465 жаяу жүргінші жол ережесін бұзды. Жаяу келе жатқандар өзін қауіпсіз сезінгенімен, ереже бәріне ортақ екенін ұмытпау қажет.

Бір сәттік немқұрайлылық – өмірлік өкінішке әкелуі мүмкін.

Полиция қызметкерлерінің басты мақсаты – айыппұл салу емес, азаматтарды қорғау. Себебі жол ережесін елемеудің артында қаншама жазықсыз адамның тағдыры мен орындалмаған армандары жатыр.

Көлік – құрал ғана. Бірақ ол бір мезетте қауіптің көзіне айналуы әбден мүмкін. Рөлге отырған әрбір жүргізуші мұны естен шығармауы тиіс. Ал жаяу жүргіншілер де «маған бәрі міндетті» деген қате ойдан арылуы керек. Жол – ортақ жауапкершілік алаңы.

Абай облысының жолдарындағы қауіпсіздік тек полицейлердің бақылауына немесе жол белгілеріне байланысты емес. Ол ең алдымен әрқайсымыздың ішкі мәдениетіміз бен жауапкершілігімізге тіреледі.

Полицияның міндеті – жазалау емес, алдын алу. Әрбір адам аман-есен үйіне оралсын десек, жолда заңды сақтау, жүректе жауапкершілік болуы керек. Қауіпсіздікке бәріміз үлес қосуымыз қажет.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру