Абай облысында қауіпсіздік белдігін тақпаған 5 мыңнан астам жүргізуші анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Күн сайын жедел басқару орталығының бейнекамералары жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын тіркейді. Ең жиі анықталатын құқық бұзушылықтардың бірі – қауіпсіздік белдігін тақпай көлік жүргізу.
Жыл басынан бері Абай облысында осы себеппен 5902 жүргізуші анықталды. Қауіпсіздік белдігі – өмірді сақтап қалудың маңызды кепілі. Статистикаға сәйкес, белдік таққан жүргізушінің аман қалу мүмкіндігі екі есе жоғары. Дегенмен, көптеген азаматтар бұл қарапайым ережені елемей, өз өмірлерін қатерге тігуде.
Сонымен қатар жолдарда патрульдік полиция экипаждары қызмет атқарып, жол қозғалысы ережелерінің сақталуын тікелей қадағалауда. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бұл құқық бұзушылық үшін жүргізушіге айыппұл қарастырылған. Алайда жолдағы бір секундтік немқұрайдылық қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Өз қауіпсіздігіңізді және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтаңыз!
Полиция қауіпсіздік белдігі – бұл жай ғана ереже емес, сіздің өміріңізді сақтайтын құрал екенін еске салады. Тәртіп – жолдағы тыныштық пен амандықтың кепілі.