Абай облысында ҚАЖ қызметкерлері ерекше балаларды қуантты
Абай облысы Абай ауданының ҚАЖ қызметкерлері ерекше балаларға балансир тренажерін сыйға тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz
Семей қаласының қалалық мәдениет үйінде мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдердің қатысуымен «Екі жұлдыз – 2022» облыстық шығармашылық фестивалінің гала-концерті өтті. Фестиваль Мүгедектер күні мен Балалар жылына орай ұйымдастырылды.
Семей қаласының №19 мекемесінің қызметкерлері фестивальге қатысушыларды құттықтап, колонияның өндірістік цехында 4 жылдан астам уақыт жұмыс істеп жүрген сотталған Айдардың (аты өзгертілді) өз қолымен арнайы жасаған, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған балансир тренажерін табыс етті.
– Жазасын өтеушілердің сыйға тартқан балансир тренажері балалар мен жасөспірімдердің координациясын дамытуға және қозғалысын тұрақтандыруға көмектеседі. Тәрбиеленушілерімізге осы тренажерларды жасап берген жазасын өтеушілер мен мекеме қызметкерлеріне алғысымызды айтамыз, – дейді Семей қаласының арнайы қызмет көрсету орталығының қызметкері Раушан Дайырбекова.
Фестиваль соңында қызметкерлер балаларды шын жүрекпен құттықтап, зор денсаулық, бақыт және өмірде табыс тіледі.
– Әрине, түрлі дертке шалдыққан балаларды көру өте ауыр. Мақсатымыз – балаларға жақсылық пен қуаныш сыйлау. Өйткені жай көңілдің өзі, кейде жай ғана жылы сөздің өзі ауруды емдейді. Олармен кездесіп, әңгімелесіп, жүздерінен күлкі көргенімізге қуаныштымыз. Болашақта өзара іс-әрекет жасау аясында балаларға арналған шахмат тақталарын жасауды жоспарлап отырмыз, – деді мекеме бастығының тәртіп және жедел жұмыстары бойынша орынбасары Бауыржан Тоқтыбаев.