Абай облысында ҚАЖ қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті
Абай облысында ҚАЖ қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде ҚАЖ қызметкерлері күніне орай салтанатты жиын ұйымдастырылды. Іс-шараға қылмыстық-атқару жүйесінің ардагерлері, департамент басшылығы, сондай-ақ әскери бөлімдердің командирлері қатысты. Салтанатты рәсім Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаумен басталды.

Құттықтау сөзбен Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Ғалымжан Балтабаев сөз сөйлеп, жеке құрам мен ардагерлерді кәсіби мерекемен құттықтады. Ол қылмыстық-атқару жүйесі қызметінің маңыздылығына тоқталып, қоғамдық тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз етудегі қызметкерлердің елеулі үлесін атап өтті.
— Қылмыстық-атқару жүйесіндегі қызмет әрдайым жоғары жауапкершілікті, кәсібилікті және қабылданған антқа адалдықты талап етеді. Бүгінгі қызметкерлер өздерінен бұрынғы буын қалыптастырған озық дәстүрлерді лайықты түрде жалғастырып, қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді, — деді департамент бастығы Ғалымжан Балтабаев.
Сондай-ақ ҚАЖ қызметкерлерін Абай облысы полиция департаментінің бастығы Елдар Данияров пен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5511 әскери бөлімінің командирі құттықтап, жеке құрамға қызметте табыс, зор денсаулық пен кәсіби жетістіктер тіледі.

Салтанатты бөлім барысында департамент пен оған қарасты мекемелердің қызметкерлері мен ардагерлеріне ведомстволық наградалар табысталып, бірқатар қызметкерлерге кезекті арнаулы атақтар берілді.
Іс-шара аясында Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің тарихына арналған "Міндет. Абырой. Бірлік" атты журналдың таныстырылымы өтті. Басылымда департаменттің қалыптасуы мен даму кезеңдері, мекеме басшыларының қызмет жолы, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің еңбегі мен сала дамуына қосқан үлесі кеңінен қамтылған.
— Бұл журнал — жай ғана баспа өнімі емес, қылмыстық-атқару жүйесіне өмірін арнаған жандардың тағдыры мен қызмет жолын біріктірген шежіре. Ол біздің тарихымызды, құндылықтарымызды және ұрпақтар сабақтастығын айқын көрсетеді, — деді департамент бастығының орынбасары Тілеуберген Конекбаев.
Өз кезегінде Абай облысы бойынша ҚАЖ ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұратқазы Ахметжанов ұрпақтар сабақтастығының маңыздылығына тоқталып өтті.
— Ардагерлер үшін жинақталған тәжірибе мен қалыптасқан дәстүрлердің қазіргі жеке құрам қызметінде лайықты жалғасын табуы аса маңызды. Бүгінгі қызметкерлер өз міндеттерін абыроймен атқарып келеді, — деді ол.
Салтанатты іс-шара қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері дайындаған мерекелік концерттік бағдарламамен қорытындыланды.

