Абай облысында ҚАЖ қызметкерлері оқушылармен профилактикалық кездесу өткізді
Абай облысында ҚАЖ қызметкерлері оқушылармен профилактикалық кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы бойынша ҚАЖД пробация қызметінің қызметкерлері Көкпекті ауданындағы аудандық мектептердің бірінде жоғары сынып оқушылары мен сотталған азаматтың қатысуымен профилактикалық кездесу өткізді. Шара жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға және өмірлік жолды таңдауда жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға бағытталған.
Кездесу барысында 16 жастағы сотталушы өзінің жеке оқиғасымен бөлісті.
— Тоғызыншы сыныпты бітіргеннен кейін колледжге оқуға түстім. Жатақханада тұрып жатқанда жаңа достар таптым, олар маған ұялы телефон ұрлаумен айналысуды ұсынды. Осылайша, үш айдың ішінде жалпы сомасы 700 мың теңгеден асатын алты телефон ұрладық, ал түскен ақшаны жеке қажеттіліктерімізге жұмсадық. Осы әрекетім үшін сот үкімімен Абай облысы білім басқармасының "ерекше режимдегі облыстық арнайы мектеп-интернатына" бір жыл мерзімге орналастырылдым, — деп бөлісті сотталған.
Өз қатарластарына қателігін қайталамауды ескертті.
— Қазір мен мектеп-интернатта жазамды өтеп жатырмын. Онда мен сияқты 12-17 жас аралығындағы он шақты бала бар. Негізінен бұл ұрлық пен тонау сияқты қылмыстар жасаған жасөспірімдер. Кезінде әрқайсымызды аналарымыз "білім алып, мақтанышымыз болады" деген үмітпен мектепке шығарып салатын. Олардың ешқайсысы ұлының өмірін осылай қор қылатынын ойлаған жоқ. Ұрлық жасап жүргенде "жасым толмаған, маған ештеңе болмайды" деп ойлайтынмын, бірақ бәрі басқаша болып шықты. Енді өзім қалаған мамандық бойынша оқи алатыныма сенбеймін. Сондықтан сендердің мынаны түсінгендеріңді қалаймын: тіпті жасөспірім шақта жасалған кез келген қылмыс болашаққа міндетті түрде әсер етеді, мүмкіндіктер мен сенімнен айырады, ең бастысы — адамның өзінің ғана емес, жақындарының да арманын талқандайды, — деп бөлісті кәмелетке толмаған сотталушы.
— Бұл әңгіме бізге үлкен сабақ болды. Мұндай оқиғаны өз құрдасыңнан естігенде, іс-әрекеттеріңе басқаша қарай бастайсың. Тіпті кішігірім қателіктің де соңы ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін түсінесің, — деді 10-сынып оқушысы.
— Мұндай кездесулердің басты мақсаты — жасөспірімдерді қорқыту емес, оларға заңсыз әрекеттердің шынайы салдарын көрсету. Біз жастарға заң мен жауапкершілік әр адамның жеке таңдауынан басталатынын жеткізуге тырысамыз, — деп атап өтті Көкпекті аудандық пробация қызметінің бастығы Дамир Айдаров.
