Абай облысында ҚАЖД қызметкерлері 170 ардагерді Жеңіс күнімен құттықтады
Абай облысында ҚАЖД қызметкерлері Жеңіс ардагерлерін құрметтеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында Абай облысының қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері ерекше тағзымға толы игі шара ұйымдастырды. Олар Семей қаласындағы ардагерлерге арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету және белсенді ұзақ өмір сүру орталығында тіркелген 170 соғыс және тыл ардагерін, сондай-ақ Ленинград блокадасының куәгерін Жеңіс күнімен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Салтанатты іс-шара аясында ҚАЖД қызметкерлері ардагерлермен жүздесіп, "Стелла" ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Әскери әндерден құралған хормен музыкалық тарту жасалып, кешке қатысушыларға мерекелік көңіл-күй сыйланды.
Ардагерлер қатарында Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Шевцов пен Ленинград қоршауының куәгері Клавдия Кошалева сынды майдан шежіресін көзбен көрген жандар да болды. Олар бейбіт өмірдің қадірін ұғындырған тарихи кезеңдер туралы әсерлі естеліктерімен бөлісті.
Қазіргі таңда 1250-ден астам қарияға қызмет көрсетіп отырған орталықтың директоры Дариға Абайқызы ҚАЖД қызметкерлеріне алғыс айтып, мұндай кездесулердің ардагерлер үшін рухани демеу, ал жастар үшін өнегелі сабақ екенін атап өтті.
Бұл – өткенге тағзым, бүгінге құрмет, болашаққа аманаттың жарқын көрінісі.