Абай облысында ҚАЖД қызметкерлері дәрігерлер қауымына алғыс айтты
Абай облысында ҚАЖД қызметкерлері дәрігерлер қауымына алғыс айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Семей қаласындағы Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №19 мекеме қызметкерлері «Алғыс айту күні» аясында өздеріне медициналық көмек көрсететін ақ халатты абзал жандарға ерекше алғыстарын білдірді. Олар Абай облысы полиция департаментінің ауруханасына барып, күнделікті медициналық көмек көрсететін дәрігерлер мен медбикелерге мерекелік сый-сияпат ретінде аюлар мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Қызметкерлер әр дәрігерге өз қолдарымен жасаған ақшақардай ақ гүлдер мен тәттілер ұсынып, музыкалық шашу тарту етті.
– Денсаулық — адам үшін баға жетпес байлық. Біздің мамандығымыз құрмет пен алғысқа лайық. Гиппократ антын қабылдаған ақ халатты абзал жандарға шексіз алғысымызды білдіреміз, — деді тәрбие және кадр жұмысы бөлімінің бастығы Дидар Жумаханова.
№19 мекеменің жеке құрамының 53 қызметкері және зейнеткерлері осы ауруханада медициналық қызмет алады. Қызметкерлер әрқашан сапалы медициналық көмек көрсетілуіне ризашылықтарын білдіріп, бүгінгі мерекелік сыйлар үшін аурухана меңгерушісіне алғыстарын айтты.