Абай облысында ҚАЖД қызметкерлері мектеп оқушыларымен кездесу ұйымдастырды
Абай облысында ҚАЖД қызметкерлері «Өзіңнен баста» атты интерактивті кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қауіпсіздігі аралас мекеме қызметкерлері Абай облысындағы орта мектептің 7 және 8-сынып оқушыларымен «Өзіңнен баста» атты интерактивті кездесу ұйымдастырды. Бұл шара оқушыларды қоғамдық тәртіпті сақтау мәдениетіне баулу және құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында өткізілді.
Кездесу барысында мекеменің кадр және тәрбие бөлімінің мамандары арнайы әзірлеген дәріс оқыды. Сабақ мазмұны тәртіп пен заңдылық ұғымдарын терең түсінуге, күнделікті өмірде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған нақты кеңестермен толықтырылды. Тыңдаушылар қоғамдық тәртіпті сақтау ережелерін тәртіп сақшыларынан естіп, жанды диалог арқылы сұрақтарына жауап алды.
Шараның соңында оқушылар «Табиғат аясындағы оқиға» атты әлеуметтік бейнероликті тамашалады. Бейнежазба қоғамдық тәртіп ережелерін бұзудың салдары мен қауіпсіздік шараларының маңыздылығын көрнекі түрде жеткізді.
– Бүгінгі кездесудің тәрбиелік мәні өте жоғары болды. Оқушылар сынып сабақтарында айтылатын ақпараттарды тәртіп сақшыларынан тыңдап, жанды байланыс пен бейнеролик арқылы қабылдауы – олардың есінде жақсы сақталып, санасына тереңірек сіңетіні сөзсіз, – деп атап өтті мектеп директорының орынбасары Ляззат Байшыбаева.
Осындай шаралар жас ұрпақты жауапкершілікке тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.