Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында ҚАЖД қызметкерлері “Жас Ұлан” ерлер лицейінің оқушыларын мерекемен құттықтады

Абай облысында ҚАЖД қызметкерлері “Жас Ұлан” ерлер лицейінің оқушыларын мерекемен құттықтады, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысында қауіпсіздігі аралас мекеме қызметкерлері, Семей қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы “Жас Ұлан” ерлер лицейінің тәрбиеленушілерін Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай мекеме қызметкерлері ерекше игі іс-шара ұйымдастырды. Олар “Жас Ұлан” ерлер лицейіне арнайы барып, оқушыларды айтулы мерекемен құттықтады.

Мерекелік шара аясында балалармен достық және серпінді ортада шахмат турнирі өткізілді. Турнирге мекеме қызметкерлері де қатысып, балалармен бірге өз шеберліктерін сынады. Бұл ойын баланың ой-өрісін дамытуға, зейінін арттыруға зор ықпал ететіндігі белгілі.

Іс-шараның басты мақсаты – балаларға қуаныш сыйлау, оларды қолдау және олардың жан-жақты дамуына үлес қосу болды.

— Біз жас ұрпақтың тәрбиесі мен білім алуына зор мән беріп, болашақ ел тірегі болатын жасөспірімдерге әрдайым қамқорлық көрсетуді өзіміздің азаматтық парызымыз деп білеміз, — дейді мекеменің тәрбие және кадр жұмысы бөлім бастығы Дидар Жумаханова.

— Біздің мектеп биыл мерейлі 30 жылдығын мерекелеуге дайындалуда. Мектепте қазіргі таңда облыстың барлық аудандарынан 333 оқушы 5-11-сыныптар аралығында тәрбие алуда. Бүгінгі мекеме қызметкерлерінің ұйымдастырған іс-шаралары балалардың көңіл күйлеріне жақсы әсер берді. Олар барлығы дерлік болашақта құқық қорғау органдарында қызмет атқаруды армандайды. Балалар қызметкерлерді қимай қоштасқандарын жасыра алмаймын, — дейді лицей директоры Дюсебаев Бауыржан.

Осы мазмұнды кездесудің балалардың есінде ұзақ сақталатыны сөзсіз. Шара соңында лицей тәрбиеленушілеріне естелік сыйлықтар табысталып, жылы лебіздер айтылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру