Абай облысында қоғамдық қауіпсіздік мәселелері талқыланды
Абай облысында қоғамдық қауіпсіздік мәселелері талқыланды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында тұрғындардың амандығын қамтамасыз ету және құқықтық тәртіпті нығайтуға арналған жұмыс кездесуі өтті. Іс-шараға Абай облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы Виталий Каверин, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі инспекторы Гаухар Еспаева, сондай-ақ Республикалық аналар кеңесі төрағасының орынбасары Баян Ахатай қатысты.
Кездесу барысында құқық бұзушылықтың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу, есірткі құралдарының заңсыз айналымына тосқауыл қою мәселелері қарастырылды. Сонымен бірге полиция мен қоғамдық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды жетілдірудің тиімді тетіктері ұсынылды.
Іс-шарада ішкі істер органдарының қоғамдағы рөліне ерекше назар аударылды. Құқық қорғау құрылымдары заң бұзушылықтарға қарсы әрекет етумен қатар, қауіп-қатердің алдын алу, азаматтармен сенімді байланыс орнату және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқаны атап өтілді.
- Қоғамдағы қауіпсіздік – тек құқық қорғау органдарының емес, барша халықтың ортақ міндеті. Әрбір тұрғынның пікірі біз үшін маңызды. Ашық әрі шынайы диалог қана нақты нәтижеге жеткізеді, – деді Виталий Каверин өз сөзінде.
Ал Гаухар Еспаева нашақорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ол жастар арасында ақпараттық-ағарту іс-шараларының белсенді жүріп жатқанын, бұл үдерісте полиция мен қоғам өкілдерінің бірлескен іс-әрекеті шешуші мәнге ие екенін атап өтті.
Полиция мен тұрғындар арасындағы ынтымақтастық нығайған сайын, қоғамдағы бірлік пен қауіпсіздік деңгейі де арта түседі. Бұл – өңірдегі әлеуметтік тұрақтылықты бекемдеуге бағытталған маңызды қадам.