Абай облысында құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланды
Абай облысында құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақсуат ауданында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында арнайы жиын өтті. Бұл іс-шара Ақсуат мәдениет үйінде ұйымдастырылып, оған аудан прокуроры Әсет Бейсекенов пен аудандық полиция бөлімі бастығының уақытша міндетін атқарушы Әділет Бауыржанов төрағалық етті. Кездесу “Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу” тақырыбын қамтыды.
Жиынға аудан әкімі аппаратының басшысы Тілеуберген Көнекбаев, аудандық мәслихат төрағасы Жандос Оразғалиев, аудандық мекеме, бөлімдердің басшылары мен қызметкерлері, мектеп директорлары және ауылдық округтердің әкімдері қатысты.
Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Дархан Сейтолда құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарының маңыздылығына тоқталып, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың төмендемей тұрғанын атап өтті.
– Бала – біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі. Қазіргі уақытта жасөспірімдердің құқықтық тәрбиесі мен азаматтық ұстанымдарын қалыптастыру басты міндетіміз. 2024 жылдың 10 айында ювеналды полиция есебінде 3 жасөспірім және 7 қолайсыз отбасы тіркелген. Сонымен қатар кәмелетке толмағандарға қатысты 137 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, көбісі түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде болғаны үшін толтырылған хаттамаларға қатысты, – деді Дархан Сейтолда.
Жиын барысында құқық қорғау органдарының өкілдері жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықты азайтуға бағытталған нақты ұсыныстарды қарастырып, бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыруға міндеттенді.
Жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру және олардың арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу үшін ата-аналармен, білім беру ұйымдарымен және құқық қорғау органдарымен тығыз байланыс орнату қажеттілігі ерекше атап өтілді.