Абай облысында құқық қорғау және арнайы органдар арасында волейболдан турнир өтті
Абай облысында құқық қорғау және арнайы органдар арасында волейболдан турнир өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы полиция департаментінің спорт кешенінде өңірдегі құқық қорғау, күштік және басқа да арнайы органдардың бөлімшелері арасында волейболдан турнир ұйымдастырылды. Бұл сайыс Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған маңызды датаға орайластырылып, Абай облысындағы «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы филиалымен бірлесіп өткізілді.
Турнирге өңірдің түрлі құқық қорғау және күштік құрылымдарынан 8 команда қатысып, тартысты бәсеке көрініс тапты. Сайыс нәтижесінде үшінші орынды Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының командасы иеленсе, екінші орынға Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінің Абай облысындағы командасы шықты. Ал турнирдің жеңімпазы атағын Абай облысы полиция департаментінің командасы жеңіп алды.
Жеке номинациялар бойынша да жеңімпаздар анықталды: «Үздік шабуылшы» атағы Абай облысы полиция департаментінің Мейіржан Советханға «Үздік қорғаушы» атағы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығынанАсанәлі Рақымбайға «Үздік пас беруші» атағы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасынан Арман Өмірбековке «Үздік пайдалы ойыншы» атағы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі командасының мүшесі Рафқат Бұқарбаевқа бұйырды.
Турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері Абай облысы «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы филиалының кубоктары, дипломдары мен грамоталарымен марапатталды. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – қызметкерлердің физикалық дайындығын арттыру, командалық ойындардың танымалдылығын көтеру және дене шынықтырумен тұрақты айналысуға деген қызығушылықты ынталандыру болды.
Абай облысы полиция департаменті мұндай шараларға ерекше мән беріп, қызметкерлердің денсаулығын нығайтуға және командалық рухты дамытуға зор үлес қосуда.