Абай облысында құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған профилактикалық іс-шаралар өтті
Абай облысында құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған профилактикалық іс-шаралар өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысының полиция қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру мақсатында кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Іс-шара барысында облыс аумағында халыққа 2000-ға жуық ақпараттық жадынама таратылды.
Таратылған жадынамаларда Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының негізгі талаптары, жол қозғалысына қатысушылардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ заңға қайшы әрекеттердің алдын алу жөніндегі маңызды ақпараттар қамтылған.
Полиция қызметкерлері тұрғындармен және облыс қонақтарымен ашық әрі түсінікті форматта әңгіме жүргізіп, заң талаптарын сақтау — әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті.
Жүргізушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын қатаң сақтауға шақырады. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында полиция қызметкерлері өз қызметтік міндеттерін заң аясында орындайды.
Полиция қызметтік міндетін атқарып жүрген полиция қызметкерлерін арандатпауға, пара ұсынбауға және қабылдамауға, кез келген заңсыз әрекеттерге жол бермеуге үндейді. Пара беру және пара алу — қылмыстық құқық бұзушылық. Сондай-ақ заңмен қатаң жауапкершілік көзделген.
Тәртіп сақшылары барлық азаматтарды құқықтық сауаттылықты арттыруға, қоғамдық тәртіпті сақтауға және заң талаптарын бұлжытпай орындауға шақырады.
