Абай облысында құқықтық мәртебесі анықталмаған тұлғаларды құжаттандыру жұмысы жалғасуда
Абай облысында құқықтық мәртебесі анықталмаған тұлғаларды құжаттандыру жұмысы жалғасуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Құқықтық мәртебесі анықталмаған тұлғаларды анықтау және құжаттандыру мәселесі көші-қон бақылауын қамтамасыз ету және халықты толық есепке алу бағытындағы маңызды жұмыстардың бірі. Құқықтық мәртебесін айқындау мұндай азаматтарға негізгі құқықтар мен қызметтерге қол жеткізуге мүмкіндік беріп, олардың мүдделерін қорғауға және әлеуметтік интеграцияға ықпал етеді.
Жыл басынан бері Абай облысының полицейлері құжатсыз немесе 1974 жылғы үлгідегі КСРО паспорттарымен тұрып жатқан 24 адамды анықтады. Олардың 22-сі Қазақстан Республикасының азаматының жеке басын куәландыратын құжаттарын алды. Қалғандары құжаттану үдерісінен өтіп жатыр.
Олардың қатарында — бала кезінде құжаттарын жоғалтып, содан бері ресми жеке басын куәландыратын құжаты болмаған облыс тұрғыны да бар. Миграциялық қызмет қызметкерлерінің көмегімен және белгіленген тәртіпке сәйкес оның жеке басы анықталып, құжаттары қалпына келтірілді. Енді ол өз заңды құқықтарын іске асырып, мемлекеттік қызметтерді толық көлемде пайдалана алады.
Полиция түрлі себептермен жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ азаматтарға жүгінеді: бұл мәселені кейінге қалдырмай, тұрғылықты жеріңіз бойынша көші-қон қызметіне хабарласыңыз. Құжаттарды уақытылы рәсімдеу – бұл құқықтық қорғалуға, әлеуметтік кепілдіктерге және жарқын болашаққа апарар жол.