Абай облысында құқықтық тәртіп пен эко мәдениет жиыны өтті
Абай облысында құқықтық тәртіп пен экологиялық мәдениетке арналған кеңейтілген жиын өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында "Заң мен тәртіп" қағидаты негізінде ұйымдастырылған "Адал азамат" бағдарламасы мен "Таза Қазақстан" жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында кеңейтілген жиын өтті. Іс-шараның басты мақсаты – қоғамда құқықтық тәртіпті нығайту, жастардың азаматтық белсенділігін арттыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Жиынға Абай облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Аблай Нұрымов, Абай облысы бойынша экологиялық реттеу департаментінің басшысы Әсел Болатбекова және "Жас сақшы" сыныбының оқушылары мен ІІО-ның жас қызметкерлері мен ардагерлері қатысты.
Шара барысында қатысушылар құқықтық тәрбие, қоғамдық тәртіпті сақтау және қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша пікір алмасып, жиын тәжірибе бөлісу алаңына айналды.
Аблай Нұрымов құқықтық тәртіп – тек полицияның немесе мемлекеттің ғана емес, барша қоғамның ортақ ісі екенін еске салып, әділеттілік, адалдық және заңға құрмет – әр азаматтың санасында берік орнығуы керектігін баса айтты. Сонымен қатар полиция департаменті атынан "Жас сақшы" сыныбының оқушыларына арнайы естелік сыйлықтар табысталды.
Бұл – жасөспірімдерге көрсетілген құрмет пен қолдаудың белгісі ғана емес, сонымен бірге олардың құқық қорғау саласына деген қызығушылығын арттырып, отансүйгіштік сезімдерін күшейтетін маңызды қадам болды. Іс-шарада ардагерлер де сөз сөйлеп, өздерінің еңбек жолынан мысал келтіріп, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Олар ел тыныштығын күзетіп жүрген полиция қызметінің жауапкершілігі жоғары екенін атап өтіп, жас ұрпақты адалдыққа, тәртіпке және отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңызын ерекше атады.
– Табиғатты қорғау – әрбір азаматтың міндеті. Біз, құқық қорғау саласында қызмет еткен ардагерлер ретінде, жас буынға қоршаған ортаны қорғаудың маңызын жеткізуге және құқықтық тәртіпке деген құрметті қалыптастыруға ерекше мән береміз. "Таза Қазақстан" акциясы осы мақсатта үлкен мүмкіндік беріп отыр, – Аблай Нұрымов.
Сонымен қатар табиғатты қорғау полициясының аға инспекторы Тимур Ельчубаев өзінің баяндамасын оқыды.
– Абай облысында "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде жыл басынан бері экологиялық сипаттағы 8 558 құқықбұзушылық анықталды. Олардың қатарында қалалар мен елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзу, инфрақұрылым нысандарын бүлдіру, жасыл желектерді жою немесе зақымдау, сондай-ақ ортақ пайдаланылатын орындарды ластау фактілері тіркелген, – деп мәлімдеді.
Ол мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті екенін жеткізді. Әр азаматтың табиғатқа , өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауы – басты талап екенін атап өтті.
"Адал азамат" бағдарламасы мен "Таза Қазақстан" акциясы аясында өткізілген бұл жиын – жас буын мен құқық қорғау органдары арасындағы байланысты нығайтып, патриоттық тәрбие мен құқықтық мәдениетті дамытуда маңызды рөл атқарған игі бастамалардың бірі болды.