Абай облысында құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған "Учаске" жедел-алдын алу іс-шарасы өтуде
Абай облысында құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған "Учаске" жедел-алдын алу іс-шарасы өтуде, - деп хабарлайды Polsia.kz.
1 қыркүйектен 1 қарашаға дейін Абай облысы аумағында қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында "Учаске" жедел-алдын алу іс-шарасы жүргізілуде.
Іс-шара барысында учаскелік полиция инспекторлары тұрғын үйлерді аралап, азаматтармен кездесіп, заң талаптарын түсіндірумен қатар, олардың өтініш-тілектерін сол жерде қабылдауда. Осы уақытқа дейін 21 806 аула қамтылып, оның ішінде 9 900 пәтер мен 11 906 жеке үй тексерілді.
Сонымен бірге 791 азаматтық қару иесі бақылаудан өтіп, заң талаптарын бұзудың 7 дерегі тіркелді. Тексеру нәтижесінде бір тіркелмеген атыс қаруы тәркіленді. Жалпы алғанда, жедел-алдын алу іс-шарасы аясында 1 981 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу басты назарда. Ювеналдық полиция инспекторлары көшелерде патруль ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде және түнгі уақытта бақылауды күшейтуде. Нәтижесінде полицияға 33 кәмелетке толмаған жас жеткізілді, олардың 11-і кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін 7 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ қоғамдық орындарда алкоголь ішкені немесе мас күйінде жүргені үшін 110 азамат, медициналық емес мақсатта есірткі қолданғаны үшін 3 азамат ұсталды.
Криминалдық полиция қызметкерлері қылмыстың алдын алу және құқық бұзушыларды дер кезінде анықтау бағытында жұмыс атқаруда. Ал көші-қон қызметі бөлімшелері көші-қон процестерін қатаң бақылап, еліміздің аумағының заңсыз мақсатта пайдаланылуына жол бермей отыр.
"Учаске" жедел-алдын алу іс-шарасы – полицияның барлық бөлімшелерінің күш-жігерін біріктірген кешенді жұмыс. Оның басты мақсаты – құқықтық тәртіпті қорғау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өңірдегі тыныштықты нығайту.