Абай облысында қылмыстық жолмен алынған криптовалюта активтерін анықтау бойынша семинар өтті
Абай облысында қылмыстық жолмен алынған криптовалюта активтерін анықтау бойынша семинар өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Семейде "Қылмыстық жолмен алынған криптовалюта активтерін анықтау" тақырыбында оқыту семинары өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілдері, сондай-ақ киберқылмыспен күрес және экономикалық қылмыстарды тергеу бағыты бойынша жұмыс істейтін аумақтық бөлімшелердің қызметкерлері қатысты.
Бүгінде цифрлық технологиялар жаңа мүмкіндіктермен қатар жаңа сын-қатерлер де туындатуда. Қылмыстық әрекеттер барған сайын виртуалды кеңістікке ауысып, криптовалюталар заңсыз табыстарды жасыру құралына айналуда. Осындай жағдайда ішкі істер органдарының алдында тұрған маңызды міндет – цифрлық іздерді тиімді түрде анықтау, қадағалау және құжаттандыру.

Семинар қатысушыларына Қазақстан Республикасы ІІМ тергеу департаменті бастығы Мұхтар Кожаев сөз сөйлеп, қызметкерлердің цифрлық құзыреттерін арттыру және заманауи талдау құралдарын енгізу киберқылмыспен күрес жөніндегі ІІМ стратегиясының негізгі бағыты екенін атап өтті. Семинар тәжірибе алмасу, блокчейн-транзакцияларды талдаудың заманауи әдістерін меңгеру, сондай-ақ киберқауіпсіздік саласында ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға арналған алаңға айналды.
– Әлем қарқынды түрде цифрлануда, сонымен бірге киберқауіптер саны да өсіп келеді. Біз бұл сын-қатерлерге дайын болуымыз, технологияларды меңгеріп, алдын алу шараларын дер кезінде қабылдауымыз қажет. Біздің мақсатымыз – қылмыскерлерді анықтап қана қоймай, жаңа құқықбұзушылықтардың алдын алу, – деді Абай облысы полиция департаментінің бастығы Эльдар Данияров.
Жыл басынан бері "Кибернадзор" жүйесінде 2,5 мыңнан астам алаяқтық сайт бұғатталды, екінші деңгейлі банктерге заңсыз рәсімделген кредиттерді тоқтату туралы 368 ұсыным жолданып, оның 266-сы бойынша рәсімдеу тоқтатылған.
Полиция интернет-алаяқтықтан азаматтарды қорғау деңгейін арттыру мақсатында профилактиканы күшейтіп, қаржы ұйымдарымен ынтымақтастықты дамыту және қызметкерлерді заманауи цифрлық тергеу әдістеріне оқыту жұмыстарын жалғастыруда.
