Абай облысында сотталған азамат анасын Ұстаздар күнімен құттықтады
Абай облысы бойынша ҚАЖД №19 мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталған азамат анасын Viber қосымшасы арқылы Ұстаздар күнімен құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Viber қосымшасының көмегімен Абай облысы бойынша ҚАЖД №19 мекемеде адам денсаулығына ауыр зиян келтіргені үшін 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеп жатқан сотталған Ұстаздар күнімен науқас анасын құттықтады.
Сотталушыға мұндай мүмкіндікті мекеме әкімшілігі сотталушының анасының сырқатына байланысты берген.
– Сотталғандардың отбасылық және қоғамдық-пайдалы байланыстарын нығайту, туыстарының оқу-тәрбие үдерісіне қатысуы ұл мен оның анасы арасындағы осы онлайн кездесудің басты мақсаты. Анасы екі жылдан бері ұлына келмей кетіп еді, оған себеп оның ауыр сырқаты болған екен. Әйел Қазақстандағы қалалық мектептердің бірінде математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген, – дейді №19 мекеме бастығының орынбасары Айдын Қалелов.
– Анамды көру қуанышын сыйлағаны үшін мекеме басшылығына және ананың емдеуші дәрігеріне алғыс айтамын. Менің шартты түрде мерзімінен бұрын босатылу мерзімім, 2024 жылдың ақпан айында келеді, талап-арызым жоқ, осы жерден шығып анамды көргім келеді, – дейді сотталушы.
Аталған сотталған мекемеге 2019 жылы келген. Мінездемесі жақсы, жұмысқа орналасқан, мекеменің тігін цехында мастер болып жұмыс істейді.