Абай облысында сотталған азамат өкінішімен бөлісті
Абай облысында сотталған азамат өкінішімен бөлісті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысындағы қауіпсіздігі аралас мекемесінде, алаяқтық үшін жазасын өтеп жатқан сотталған өз өмірін тас талқан еткен ақымақтығын басқалар қайталамасын қалап, өз басынан өткен оқиғасын айтты. Солтүстік Қазақстан облысының 32 жастағы тұрғыны телефоннан жарнама ретінде шығатын автоматты ойынға қалай тез кіріп, тәуелді болып қалғанын аңғармаған. Табысы жақсы жұмысы бар жоғары білімді азамат бірден ойынқұмарға айналған. Құмар ойынға тігетін ақшасы қалмаған ол, азаматтық некедегі әйелінің телефонын пайдаланып, оны суретке түсіріп, банк қосымшасы арқылы 2 миллион теңге онлайн несие рәсімдеген.
— Сотталған Есіл аудандық сотының үкімімен ол 2 жылға бостандығын шектеу жазасына кесілген. Алайда пробациялық қызметте 4 ай есепте тұрған кезінде ол жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын жүйелі түрде бұзған. Енді бас бостандығынан айырылып, жазасының қалған бөлігін өтеп жатыр, — дейді мекеме бастығының орынбасары Айдын Калелов.
– Ойынға тігетін ақша керек болды, ал несие рәсімдеу оңай болып кетті – бірнеше батырманы бассаң, ақша шотта. Іс-әрекетімнің салдарын ойламадым. Бұл – нағыз алаяқтық екенін түсінбедім. Қазір өткенге көз жүгіртсем, бұл – үлкен ақымақтық болғанын мойындаймын. Тек несие алған сәтте ғана емес, екінші мүмкіндік берілген кезде де дұрыс әрекет етпегеніме өкінемін. Адамдарды жерге қараттым, өзімді де. Енді соның жазасын тартып жатырмын. Бүкіл адамзат баласына құмар ойындардан аулақ болуды сұраймын, — дейді сотталған азамат.