Абай облысында сотталған ерекше акцияны қолға алды
Абай облысында сотталған ерекше акцияны қолға алды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында жыл сайын 1 қазанда атап өтілетін Қарттар күніне орай, Семей қаласындағы аралас қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталған азамат ерекше қайырымдылық бастаманы қолға алды. Ол өзі ниет білдіріп, қарттарға арнап 100 литр жаңадан қайнатылған табиғи шырын дайындап, мекеме әкімшілігі арқылы Семей қаласындағы қарттарға қызмет көрсететін орталыққа табыстады.
- Адам қателесуі мүмкін, бірақ ол игі іс жасау қабілетін жоғалтпайды. Біз сотталғандардың қоғамға пайдалы істерге қатысуға деген ұмтылысын қолдаймыз және мұндай бастамалар түзелудің жолы деп сенеміз, — деді мекеме бастығының орынбасары Айдын Калелов.
Шырын Семей қаласындағы қарттар орталығына жеткізіліп, орталық қызметкерлері мен қызмет алушы қарттар бұл сыйлықты ризашылықпен қабыл алды. Орталық өкілдері бұл акцияны ерекше атап өтіп, оның символдық мәніне назар аударды: түсіністік пен қолдауды өзі де қажет ететін адамнан көрген қамқорлық — өте құнды.
- Қарттар күні - бұл тек күнтізбедегі бір күн емес. Бұл - аға буынға құрметімізді көрсетудің, оларға алғыс білдірудің тамаша мүмкіндігі. Ал сотталған азаматтың бұл әрекеті жақсылықтың ең күтпеген жерден келуі мүмкін екенін көрсетті. Ең бастысы оның шынайылығы, - деп ризашылығын білдірді орталықтың меңгерушісі Айнұр Имашева.
Еске сала кете кетейік, атаулы орталықта бүгінгі күні барлығы 412 қарт қызмет алуда.
